1). Фиджидің ерлігі. Тынық мұхиттарындағы Фиджи аралының ерлер құрамасы регби-7-ден олимпиада чемпионы атанды. Финалда фиджиліктер Ұлыбритания құрамасын 43:7 есебімен ойсырата ұтты. Бұл – Фиджи тарихындағы олимпиаданың тұңғыш жүлдесі. Фиджи құрамасы– регби-7-ден қазіргі әлем чемпионы. Бұған дейін соңғы рет регби олимпиада бағдарламасына 1924 жылғы Париж додасында енген болатын. 92 жылдан кейін Рио де Жанейрода сәл өзгерген спорт түрі қайтадан олимпиялық санатқа енді.
2). Фелпстің рекорды. Майкл Фелпс 200 метрге кешенді жүзу бағдарламасында топ жарып, 22-рет олимпиада чемпионы атанды. Ол 2004 жылдан бергі 4 олимпиадада дәл осы бағдарламаның алтынын ешкімге бермей келеді. Рио алдында оның алтындар саны 18 болған болса, биылғы олимпиадада 2 командалық және 2 жеке сында топ жарып, 22-ге жеткізді. Бұл 22 алтынның 13-ін Фелпс жеке қашықтықтарды ұтып алған. Рио олимпиадасынан кейін Балтимордың «ұшатын балығы» спорттық ғұмырына нүкте қоймақ. «48 сағаттан кейін енді барлық жарыс атаулыға қатыспайтынымды ойласам, денем шымырлайды» дейді Фелпс.
3). Карапетянның жарақаты. Нижат Рахимовпен бір салмақ дәрежесінде (77 келі) сынға түскен армян ауыр атлеті Андраник Карапетян биылғы олимпиададан ауыр жарақат алған үшінші спортшы болып отыр. Оған дейін француз гимнасы Самир Айт Саидтің қол тіреп секіру сынында, голландиялық велошабандоз Аннемик ван Влөтеннің тас жолдағы жарыста қатты жарақаттанғанын айтып өткен болатынбыз. Карапетян серпе көтеру бағдарламасында 195 келіні көтеруге екі рет тәуекел етіп, екіншісінде сол қолының шынтағын түгелдей кері айналдырып сындырып алды. Зілтемірді тік көтерген сәтте артқа кетіп, қолы да ту сыртына айналып кетті. Оның жанұшыра айқайлаған дауысы залды кернеді. Трансляция талабы бойынша жарақат мүлде көрсетілмей, кадр алыстатып әкетілді.
4). Анзраның қулығы. Жеңіл атлетикадан Кения құрамасының жаттықтырушысы Джон Анзра спортшының орнына допинг-бақылау тапсырмақ болып, құжаттарға қол қойғаны үшін еліне қайтарылды. Допинг-офицерлер оны спортшылардың бірі екен деп бақылауға апарған сияқты. Анзра өзінің кім екенін жасырып баққан. Өйткені, өзінің Бразилияға келгені туралы ол федерация өкілдерін мүлде хабардар етпеген. Анзра олимпиада қалашығына тегін тамақ ішу үшін кіруі мүмкін екенін спортшылардың бірі айтыпты. Жағдай белгілі болған соң, жаттықтырушы дереу еліне қайтарылды.
5). Мануелдің табысы. Америкалық жүзгіш Симоне Мануел жүзу спортынан олимпиаданың алтын медалін жеңіл алған алғашқы қара нәсілді қыз болып отыр. Ол 100 метрге малту сынында 52,70 секунд көрсетіп, канадалық Пенни Олексякпен бірге Рио алтынын иеленді. Бұған дейін жүзу спортынан қара нәсілді спортшы қыздардың ешбірі олимпиадада дара шықпапты. Ал Олексяк болса, бар болғаны 16 жаста. «Таблода алғаш Мануелдің есімі шыққанда, жеңімпаз сол ғана деп ойладым. Олимпиада алтынының екеумізге бірдей бұйырғанына қуанышым шексіз» дейді ол.
6). Олексяктың ерекшелігі. Дәл осы Пенни (Пенелопа) Олексяк 2000 жылдарда дүниеге келген алғашқы олимпиада чемпионы болып отыр. Ол 2000 жылдың 13 маусымында Канаданың Торонто қаласында туған. Яғни, осыдан екі ай бұрын ғана 16 жасқа толған. Тым жастығына қарамастан, Олексяк Мануелмен бірге 100 метрге малту бағдарламасының олимпиялық рекордын жаңартты. Рио сынында ол 100 метрге көбелек әдісімен жүзуде күміс жүлде жеңіп алса, командалық 2 эстафетаның қоласын қанжығалады.