Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров «Раритет» баспасынан жарық көрген «Менің алтын мансабым. 1998-2012» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді. Кітапқа даңқты велошабандоздың өмір жолынан сыр шертетін тамаша фотосуреттер және жұлдызды спорттық ғұмырының негізгі кезеңдерін баяндайтын деректер топтастырылған. Александр бұл кітапқа өзінің кәсіпқой спортқа біржола бет бұрып, «Казино» командасымен келісім-шарт жасасқан 1998 жылдан олимпиада чемпионы атанған 2012 жылға дейінгі спорттық ғұмырының ең негізгі кезеңдерінен деректер енгізілгенін айтып өтті. Сондай-ақ, бұл күні А.Винокуров атындағы қоғамдық қордың және «Астана» велоклубының жаңа маусымдағы спорттық формасының таныстырылымы да өткізілді. Қорды Винокуровтың досы, белгілі велошабандоз С.Яковлев басқарады.

Шара соңында біз Александрды аз-кем әңгімеге тарттық.

-Бұл кітап менің оқиғаға толы спорттық ғұмырымның айнасы іспетті, – дейді Винокуров. – Осы кітап арқылы оқырмандарым Қазақстанның бір шетіндегі Бескөл ауылынан Еуропаға келіп, олимпиада шыңына дейінгі жолды жүріп өткен арманшыл баланың болмысын тани алады деп сенемін. Қысқаша айтқанда, бұл – өмір жолына тең сапар. Лондон тұғырына дейінгі жол ешқандай да даңғыл, бұрылыссыз болған жоқ. 90 жылдары жарыстардан соң шелектегі мұздай сумен жуынатынымыз есіме түседі. Өмірді тұйықтап тастағандай көрінген жарақаттарды еске алу да ауыр. Демек, мен үшін веложарыс деген – өмірдің өзі. Сондықтан да бұл кітаптың жас спортшыларға жолбасшы болғанын қалаймын. Оның ішінде өзім бірінші рет көріп тұрған суреттер де бар. Ұсынымызды қабыл алып, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарыққа шығарған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне зор алғысымды білдіргім келеді.

ДмҚ: Лондон олимпиадасының төріне дейінгі жолда басыңыздан түрлі оқиға өтті. Тіпті өз командаңызды тауып тұрып, яғни, «Астана» командасын құруға қатыса жүріп, күтпеген жерден допинг қолданды деп айыпталдыңыз. Осы жайттардың бәрінен қандай сабақ алдыңыз?
Александр Винокуров: Бұл өмір ғой. Өмірде ақ пен қара жарысып жүреді. Бірде шың басында тұрсаң, енді бірде шыңырауға құлап кетуің де қас қағымда. Мұндай сынға екінің бірі шыдай алмайды. 2007 жылдың шілдесінде «Тур де Франста» қатты құлап, аяғымды бірнеше жерден жарақаттап алсам да, көшбасшылардан қалмау үшін жанымды салдым. Сол кезде менің қандай азапқа шыдағанымды командаластарым, достарым жақсы біледі. Бірақ допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан тыс қалдым. Міне, осы кезде мен өмір жайлы көп ойландым. Жасым да отызды орталаған. Неге мен спорттық ғұмырымды  негізсіз айыптан кейін аяқтауым керек? Допингсіз де жеңіске жетіп келгенмін, жетіп жүрмін, жете беруім керек қой!  Осындай ойға қатты бекіндім. Дәл сол сәттерде жаныма сүйеу болған достарыма, жарым Светланаға алғысым шексіз. Олар мені демеді, ертеңге сендірді, қанаттандырды. Света тамаша үш баламды жарық дүниеге әкелді, өмір мәні ұрпақта екенін ұқтырды. Шынын айтқанда, ерліктерді де сол балалар үшін жасайсың. Қазіргі күн биігінен қарағанда, менің шыдағаным өте дұрыс болды.

ДмҚ: Спортқа қайта оралған соң да жолыңыз өз-өзінен бола кеткен жоқ. 2011 жылы тағы да «Тур де Франста» қатты құладыңыз. Діңі әлсіз жан болса, сынып түсуі өте мүмкін сынақ қой бұл.

Александр Винокуров: Қатты құладым. Тоқпан жілігім морт сынды. Жоғарыда айтқанымдай, өмір таусылып қалғандай беймаза шақ орнады. Сонша жыл тырысып, жаныңды жалдап келгенде алатын биігің осы ма? Жаным ауырды. «Тур де Франсқа» қатысып жатқан командаластарыма ақ жол тілеп отырып, эфирден спорттан кететінімді айтып та жібердім. Көзімнен жас та ыршып кетті. Қаның қызып тұрғанда айтып қалады екенсің. Бұл да кәсіпқой велошабандоздар өміріндегі қиын сәттер ғой. Артынан тағы ойландым. «Жоқ, спорттық ғұмырымды бұлай аяқтауға тиіс емеспін» деп шештім сосын. Ота жасалғанына бес күн өтпей жатып жаттығуға кірістім. Шынымды айтсам, жанкүйерлерімнің көз алдында соңғы рет сайда құлап жатқан бақытсыз спортшы болып қалғым келмеді.

ДмҚ: Демек, осынша сәтсіздіктеріңіздің бәрі Лондонға барар жолдағы сіз өтуге тиіс кедергілер болып тұр ғой?

Александр Винокуров: Солай шығар. Бір күні түс көрдім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы маған әлдеқандай бір жүлде тапсырып жатыр екен. Ояна салып, көп ойландым. Мұны маған берілген аян деп түсіндім.

ДмҚ: Өткен жылы сіз «Тур де Франсқа» тағы да тәуекел еткеніңізде, біз де бір серпілдік. Сіз бір кезеңді ұтып алсаңыз, спорттық ғұмырыңызға тамаша нүкте қойылатындай көрініп тұрды.

Александр Винокуров: «Тур де Франсқа» мен Лондон олимпиадасына дайындалу үшін бардым.

ДмҚ: Солай ма? Біздің білуімізше, кәсіпқой велошабандоз үшін «Тур де Франста» жеңіске жету ғұмырбаянындағы ең басты мақсат қой…

Александр Винокуров: Кәсіпқой велокомандалардың кез келген мүшесі үшін «Тур де Франста» жеңіске жету – арман және мақсат. Тіпті бір кезеңінде жеңіске жетсе де, велоғұмырына ырза болып кететіндер жеткілікті. Мен өз уақытымда бірінші орынға таласып көрдім. Қола жүлдегер де атандым. Бірақ «әне-міне спорттағы жолымды тұжырамын» деп отырғанда, «Франция турының» алтын тұғырына тәуекел ету қиын болар еді. Сондықтан да ол жолы бір кезеңін ұтқым келді. Бірақ ұта алмадым. Қазір ойлап отырамын да, 2012 жылғы «Турдың» ешбір кезеңінде жеңіске жетпегенім дұрыс болыпты деймін. Егер бір кезеңді ұтып алсам, олимпиадаға босаңсып қатысар ма едім…

ДмҚ: Дегенмен сіздің Лондон олимпиадасына қатысатыныңыз соңғы күндері ғана белгілі болды емес пе?

Александр Винокуров: Лондонға баратынымды мен әу бастан шешіп қойдым. Бірақ бәрібір ағзамды «тыңдадым». «Тур де Франста» денеме көп күш түсті. Оны ағзам көтере ала ма? Сыр бере ме? Бәрі дұрыс сияқты көрінді. Құр аттай тыпыршып тұрмасам да, бабымның дұрыс екенін ұқтым. Сөйттім де, тәуекел еттім. Олимпиадада жеңіс тұғырының қай сатысына болса да көтерілуге тырыстым. Өйткені, бір жеңіске жетпей спортты доғару ақылыма сыймады. Лондон жолына «не бел кетсін, не белбеу кетсін» деген сеніммен шықтым.

ДмҚ: Лондондағы жарыс жолы соның алдында ғана «Тур де Франста» жеңіске жеткен ұлыбританиялық Бредли Уиггинс, Крис Фрум, Марк Кавендиштердің ыңғайына қарай жасалған деген де сөз шықты…

Александр Винокуров:  Жол Кавендиштің ыңғайына қарай жасалды деген күннің өзінде, алда не боларын ешкім білмейтін еді. Басқа командалар көшбасшыларының да дәмесі болды. 250 шақырым қашықтық дегеніңіз шолтаң етіп біте қалатын соқпақ емес. Түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Тіпті пелотоннан 5 шақырым ұзап кетіп, мерейіңіз тасып келе жатқанда, дөңгелегіңіз жарылып кетуі де мүмкін. Соңғы бір шақырымда жарылса да, күмістің өзінен көз жазып қалуыңыз ғажап емес. Сондықтан мен де өз жоспарыммен кірістім. Пелотоннан ұзап кетуге мүмкіндік туғанда, орайлы пайдаландым. Топтағы «кәрі қасқырлар» біздің бұл әрекетімізді әу баста ойын сияқты қабылдады, мәреге жақындай бере «жеп қоятындарына» сенімді болды. Бірақ біз аралықты ұстадық та отырдық. Жақындатпадық.

ДмҚ: Мәреге таяғанда, құйрық тістесіп келе жатқан қарсыласыңыз колумбиялық Ригоберто Уран Уранмен егесіңіз қатты байқалды. Оның артқа қарайлап, сәл босаңсыған сәтін күттіңіз бе?

Александр Винокуров: Жоқ, мұның бәрі тактикалық амал, өмірлік тәжірибе. Өз сәтіңді жіберіп алмауың керек. Барлық спорттың өз амалы бар. Мәреге бір шақырым қалғанда пелотонның бізге жете алмайтынын сездім. Енді Уранмен бәсекеге көңіл қою қажеттігін түсіндім. Жолым болды. Бірақ спорттта мықтының ғана жолы болады. 15 жылға созылған кәсіпқой велошабандоздық жолымда осы жеңіске еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Елге оралып, Елбасы қолынан марапат алып жатқан сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сені есептен шығарып тасағандар көп болды. Бірақ сен бәріне өзіңнің мойымайтыныңды, сынбайтыныңды дәлелдедің», – деді. Бұл сөз менің жеңісіме Қазақстан халқы берген баға деп түсіндім.

ДмҚ: Кешегі велошабандозға, бүгінгі бас менеджерге басшылық жұмыс ауыр соғып жатқан жоқ па?

Александр Винокуров: Басқара жүріп үйреніп келемін. Биылғы маусым «Астана» командасы үшін жаман өткен жоқ. Винченцо Нибали сынды көшбасшымыз «Джиро д’Италия» көпкүндігін ұтып алды, «Вуэльтада» екінші болды. «Алматы турын» да абыроймен өткіздік. Ел, тіпті әлем жұртшылығы «Астана» бренді арқылы Қазақстанды тани түсті. 2006 жылы «Астана» велоклубы құрылғанда, шабандоздардың жейдесіне Қазақстан атауын әдейі жаздық. Сонда жанкүйерлер біздің Қазақстаннан екенімізді бірден танитын болды. Алдағы уақытта да Отанымыздың игілігі үшін барымызды саламыз. Ендігі мақсат – «Астана» шабандозының «Тур де Франстың» алтын тұғырында тұрғанын көру.

 

(«Дала мен қала» газеті, 25.10.2013 жыл)