Әбдісалан ағаны редакцияға шақырғандағы мақсатымыз – монша жайлы қорғаған ғылыми еңбегі төңірегінде әңгімелесу еді. Алып аға бізге моншаның, будың адам ағзасына пайдалылығы жөнінде көп әңгіме айтты. Ол сұхбат «Жас Алашта» жарияланды да («Жас Алаш», 14 ақпан, 2002 жыл. «Мені кезінде Қонаев та сынаған»). Дегенмен Әбекеңнен бокс өнері, қазақ боксы туралы сұрамай қалу мүмкін емес еді. Кезінде КСРО көлемінде аса ауыр салмақта үздік болған Әбдісалан аға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан бокс құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. Қазақ боксының қазіргі тынысы да ағаның көз алдында. Сөйтіп, ағаны ортамызға алып, бес-алты журналист кезек сұрақ қоя бастадық.
Рахметті алдымен Бекетке айтуымыз керек
– Әбдісалан аға, жалпы қазақ боксының табысын немен түсіндіруге болады?
– Әрине, дәстүр бар ғой. «Мен істедім», болмаса «басқа адам істеді» деуге болмайды. Біздің халықтың боксқа деген табиғи бейімі бар. Біз «қазақтар тек күреске баруымыз керек» деп ойлаймыз. Жо-оқ. Керісінше, қазақтар жұдырықтасуға, төбелеске жақындау. Мұны тіпті тарих дәлелдейді. Біздің батырларымыздың атағы негізінен жекпе-жектен шыққан ғой. Қасымыздағы қырғыздарды алайық. Мүлде бөлек. Табиғаты келмейді. Өзбектерді алайық. Олар да сол. Адамның кеудесінде жүрек деген бар, яғни, қайсарлық. Біздің табиғатымыз – сол.
– Сидней олимпиадасы алдында сіз «Бетпе-бет» хабарына қатысып, өз жорамалыңызды айттыңыз. «Ермахан чемпион болады, оған сенімдімін. Болат жүлдегер атанып қайтады. Мұхтарханға жеребе сәтті түссе, ол да қоржынды майлауы мүмкін» дедіңіз және «ешкім күтпеген бір жігіт шығып қалуы ғажап емес» дедіңіз…
– Иә, мен Бекзаттың фамилиясын ұмытып қалдым ғой сол жерде. Табиғи жаратылысы тамаша жігіт еді. Көзі жайнап тұрды. Адамның көзінен көрініп тұрады ғой бәрі. Сол жігіт шықты. Әрине, мен олимпиада кезінде олардың қасында болдым. Бірақ жаттықтырушының ісіне араласқан жоқпын. Біз төрешілермен жұмыс істедік. Мен айтайын, біздің жігіттерді жеңіске жетелеген, сәл мысқал мүмкіндік болса алға сүйреген адам – Бекет Сапабекұлы Махмұтов. АИБА-ның (Бүкіләлемдік әуесқой бокс федерациясының) бірінші вице-президенті. Ол – керемет адам. Анықтап айтсам, ол – біздің бақытымыз. Қазаққа бұйырған бақыт. Біз Бекеттің арқасында осы табыстарға жетіп отырмыз. Атлантада да, Сиднейде де.
– Болат Жұмаділов Атлантада да, Сиднейде де алтынға сәл жетпей қалды. Көзіңізбен көрдіңіз ғой, не себеп осыған?
– Бақ қой, бақ. Атлантада ол… тыңдамай қойды. Болат Атлантада ұтуға тиіс еді. Жекпе-жек аяқталуға 1 минут 20 секунд қалды, ол 4 ұпай айырмашылығымен алда тұрды. Ол тыңдамай қойды айтқанды. Қаша берді, қаша берді, қаша берді. Ромероға да сол керек, қолын сермеп қалады, төрешілер санап жібереді. Сермеп қалады – тағы бір ұпай. Өйткені, Болат қашып барады, жеңгісі келмейді. Ол ұтып жатқан, күмәнсіз чемпион еді. Қашты. Бар себеп осы… Ал Сиднейде… оған ешкім көмектеспеді. Ол финалға өз күшімен жетті. Сосын оның финалдағы қарсыласы Вижан Понлид өте жылдам болды. Сондай жылдам жігіт… тү-үу, құйын болып тұрды ғой…
– Ермаханның жеңісі туралы да гу-гу әңгіме көп.
– Айта береді. Ермахан – азамат. Иә, оның финалдық жекпе-жегі ауырлау болды. Үшінші раундты толық беріп қойды ғой. Сырт адамға тон пішуге оңай. Түсіну үшін сол кезде қасында болу керек. Сезіну керек! Көзбен көру керек. Соққысы тиді ме, ауада қалып қойды ма?.. Ондай даулы сәттер көп кездеседі. Түсінетін де, түсінбейтін де жерлер болады. Сырт қарап тұрсаң – төбелесіп жатыр, о-о, керемет! Ал шындығында дым жоқ болуы да мүмкін ғой. Соққы дәл тиюі керек. Сонда ғана саналады. Сосын адам болған соң, әртүрлі жағдай болады. Бір-екі ұпаймен қылда тұрсың. Қарсыласың сәл жылдам немесе сәл күшті немесе сәл ұзын болуы мүмкін. Төрешілер саған іш тартса, әңгіме жоқ, бір-екі соққыңды санап, жеңімпаз деп таниды. Ал керісінше болса ше?.. Міне, Бекеттің сүйреп шығатын жері осы.
– Бекзат финалда қарсыласынан несімен басым болды?
– Жылдамдығымен. Тағы айтамын, Бекзаттың табиғи жаратылысы ерекше еді. Ол әлі екі-үш олимпиадада озуы мүмкін еді. Тағдыр ғой… Маңдайында жазу тұрған ғой сондай.
– Бекзат алғашқы екі раундты әдемі өткізді де, сосын сәл саябырсыды ғой.
– Шаршап қалды. Жалпы бұл біздің ұлтымызға тән ерекшелік – ә дегенде атойлап шығамыз «Мен!» деп. Ал «Мен!» деп тұру үшін, артық сөйлесем кешіріңіздер, должна быть задница. Бекзат шаршап қалды. Сосын қаша берді. Хуареске ұруға мүмкіндік берген жоқ. Төреші оған да, қарсыласына да ескерту жасады. Сөйтіп уақыт бітті. «Саттарханов – чемпион!» Басқа әңгіменің керегі не?
– Мұхтарханның мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Мұхтархан тағы да олимпиада жүлдегері бола алады. Оның салмағында чемпион болу қиын, өте қиын. Бірақ жақсы дайындалса, жүлдегер бола алады. Ал Сиднейде… Рубалкаба одан әлдеқайда күшті еді. Мүмкін, Құдай оған бас бермеген шығар, бірақ күш дегеніңіз – масқара! Мұхтарханның алақанының ішімен ұрған қазақша соққыларын да санап жіберді төрешілер. Бұл жерде де Бекетке рахмет айту керек.
– Нұржан Смановтың бокста бағы ашылмай кеткен сияқты.
– Жолы болмаған жігіт. Әйтпесе ол – адамгершілік жағынан да, достық жағынан да, боксшы ретінде техника жағынан да, шеберлік жағынан да таптырмайтын адам. Тек жолы болмады.
– Нұржаннан басқа кімнің бокста жолы болмады деуге болады? Сіздіңше.
– Жұмаділов. Сосын Виктор Демьяненконы айтуға болады. Тамаша боксшы еді, әлем чемпионы бола алмады.
Куба қаймығатын ел бар. Ол – Қазақстан
– КСРО құрамасының жартысын дерлік қазақ жігіттері жайлаған кездер де болды…
– Мен рингке алғаш шыққан кездері Қазақстанның бокста дәл қазіргідей беделі жоқ еді. «Что такое Казахстан?» дейтін бәрі. Кейін, 80-жылдары Қонақбаевтар шыққанда бәрі таныды, сыйлады. «О, это казахи, с ним надо считаться» дейтін болды. Кейін келе КСРО құрамасының 40 пайызы қазақтар болды. Қазір санайық: Қонақбаев, Қилымов, Нұрқазов, Әбдірахманов… Кейде Есжанов барып жүрді. Бірақ мойындайық, қанша 40 пайыз болса да, керемет нәтижелер болған жоқ қой. Егемендікті қалай алдық, міне, сізге нәтиже! Әлемде үшінші – бұл дегеніңіз армандаудың өзіне қорқатын нәрсе! Біз мынадай бір жағдаймен мақтануымыз керек: Қазақстан бокс құрамасында – түгел өзіміздің жігіттер! Мұндай жайт басқа ешбір елде жоқ. Ресей құрамасын қараңыз, түгел кавказдықтар. Өзбектерде де сырттан келгендер бар. Біздің футбол да солай болады әлі. Алла қаласа, УЕФА-ға кіреміз ғой. Жақсы ойнау үшін сырттан шебер футболшыларды шақырамыз. Онсыз болмайды. Елдің абыройы керек.
– Соңғы кезде көрші Өзбекстан боксшыларының қарқыны қатты. Сырт жерлерде бокста осы екі елдің қайсысының беделі жоғары, өзбектердікі ме, біздікі ме?
– Салыстыруға келмейді. Әрине, біз. Әңгіме жоқ бұған. Өзбектер ұзаққа шаба алмайды. Қазір Азия бокс қауымдастығының вице-президенті – өзбекстандық Владимир Шин деген корей. Соның әсері зор. Сидней олимпиадасы алдында Азия біріншілігі Ташкентте өтті ғой. Сонда Мұхтарханға заңды алтынын бермей қойды. Мен жігіттердің бәрінен сұрадым, олар Мұхтарханның басым түскенін айтты. Есесіне олимпиаданың жартылай финалында Мұхтархан мен өзбек Саидовтың жекпе-жегі біздің пайдамызға шешілді. Салыстырып көріңіз, Азияның медалі жақсы ма, олимпиаданікі ме? Бітті, есептестік!
– Қазақстан мен Куба боксшылары бір-екі рет жолдастық кездесу өткізді. Боксшыларымыздың дені өзінің атақты қарсыластарынан басым түсті. Мұны қалай жоруға болады?
– Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, бізді Кубаға шақырсын. Барайық. Ол елде шаршы алаңда әйелдер де қазылық етеді. Сосын олар қонақ екен деп жайылып жастық, иіліп төсек болғалы тұрған жоқ. Міндетті түрде жеңісті өз отандасына береді. Жолдастық кездесудің аты – жолдастық кездесу. Біздің елде өткесін, әрине, өзіміздің жігіттер басымдық танытуға тиіс. Қайта біз екі-үш жекпе-жекті кубалықтардың пайдасына шештік қой (күледі).
– Дегенмен әлемде кубалықтар қаймығатын бір ел бар деп айтуға болады ғой?
– Қаймықпаса, олар неге келеді біздің елге?! Олар қазақтардың қатты өсіп келе жатқанын көріп отыр. Біздің кезімізде шақыруымызды қабылдамақ түгілі, пысқырып қарамайтын. Қазір өздері сұранады. Яғни, қорыққандары ғой. Жазда елімізде Әлем Кубогын өткізуді еніп тапсырып отыр. Бұл – біздің елге деген, біздің боксқа деген құрмет. Оған Президент қатысады. ХОК-тың жаңа президенті Жак Рогге келуі мүмкін. Міне, хақында Спорт және туризм агенттігі «Достық» спорт кешенінен Қазақстан құрамасына бокс залын ашып берді. Керемет жағдай жасалған. Ондай зал бүкіл ТМД-да жоқ. Тіпті әлемде жоқ шығар.
Өткенге өкініп қажеті жоқ
– Шәкіртіңізді ұрған кезіңіз болды ма?
– Бір мысал айтып берейін. Рингте ұрған жоқпын, әрине. Тайландта 1994 жылы Әлем Кубогы өтті. Жартылай финалда қарағандылық Аркадий Топаев екі раунд бойы құры жүріп, ұтылып жатты. 0:10. Үзілісте «не істеп жүрсің сен?» дедім де, жағынан періп жібердім. «Неге ұрасың?», «Неге ұрасың?» дейді. «Қазір орамал лақтырып, сені жарыстан шығарып аламын» дедім. «Төбелесем, қазір көресің!» деп тістеніп алды. Содан, есімде жоқ, 17:11 ме, 18:11 ме, ұтты. Екі-ақ раундта ұтып алды.
– Аға, егер сіз қазір жұдырықтасып жүрген болсаңыз қайтер едіңіз? Қанша дегенмен сіздердің уақыт қатал болды ғой.
– Мен кәсіпқой боксқа кетіп қалар ем. Әлемді аузына қаратып жүрген нәндердің бәрі – ет пен сүйектен жаралған жандар. Оларды «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» етіп алатын – өзіміздің қиялымыз. Дегенмен өткенге өкіну бекер. Қандай тірлік кештің, қандай табысқа жеттің, қайтара алмайсың. Өзімнің ойымша, кәсіпқой бокста мен қатардың соңындағы адам болмас едім.
– Сіздің құрама тізгінін босатуыңыз туралы да сан түрлі сөз бар.
– Маған «зейнетке шық» деді, шықтым. Уақытым келді, кеттім. Дегенмен мен жұмыс істеуге қабілетсіз болып қалдым демеймін. 75-те, 80-де де жүр ғой бірқатар бапкерлер… Ал шәкірт тәрбиелеу мәселесі… Біріншіден, оған уақыт керек. Екіншіден, біз жас емеспіз ғой. Қазір менің Шамалғанда өз фермам, шаруашылығым бар. Соның әуресі жетеді маған. Аздап мал ұстап отырмын. Қазіргі Қазақстан бокс құрамасының жасақталуына, дайындалуына қатысым жоқ. Егер мен барып аралассам, «Ой, Әбекең келіп, үлкендігін пайдаланып…» деген әңгімелер кетуі мүмкін. Тек бапкерлер шақырып, жаңа шығып келе жатқан баланы «көріп бер» десе ғана барамын.
(«Жас Алаш» газеті. 16.04.2002 жыл)
Ал, Есей, сайтың ғұмырлы болсын. Ел тұшынып оқитын дүниелер көп болсын! Ақ жол!
Рахмет!
Аңыз адам ғой Әбекең! Әдемі сұхбат! Сол жылы жазда мерт болды есіл ер…
Сіздің жазбаларыңызды оқи отырып,спорттан сауатым ашылуда.Керемет!Жазарыңыз таусылмасын Есей аға!
«Әлемде үшінші – бұл дегеніңіз армандаудың өзіне қорқатын нәрсе!»…әр кезеңнің өз өлшемі бар. Қазақ боксының Одақтан шығып тәуелсіз ту тіккен шағында осындай асыл азаматтардың болғанының өзі үлкен бақ, түсінгенге, жатқан жері жайлы болғай…
Есей ағаааааааааааау…. рахмет, бар болыңыз!