Қазақстан чемпионаты
Ширек финалдан кейін
48 келі
Биылғы біріншілікке әлем чемпионатының қола жүлдегері Жомарт Ержан қатысқан жоқ. Өткен жылғы жартылай финалистерден Теміртас Жүсіпов пен Шалқар Айқынбай биыл да жүлдеге ілінді. Жаңа есімдер — Сабыр Жолаушиев (Павлодар), Жандос Несіпжан (Ақмола). Былтыр бұл салмақта жартылай финалға оңтүстікқазақстандық екі боксшы (Ж.Ержан, Ш.Айқынбай) шықса, биыл ақмолалық екі боксшы (Т.Жүсіпов пен Ж.Несіпжан) жолдама алды. 2016 жылғы қола жүлдегер Азат Жүсіпов биыл ширек финалда С.Жолаушиевтен жеңілді.
Жартылай финал: Жүсіпов — Жолаушиев, Несіпжан — Айқынбай.
52 келі
Өткен жылғы үздік төрттіктен биылғы жартылай финалға Азамат Исақұлов, Әнуар Мұзапаров және Олжас Байниязов шықты. Былтыр Азамат пен Әнуар алтынға таласса, енді финал жолдамасын сарапқа салады. Жаңа есім — Абай Қуандықов (Ақтөбе). Ол биыл екінші айналымда былтырғы жартылай финалист Азат Махметовті (Астана) қапы қалдырды.
Жартылай финалда жұдырықтасатындар: Исақұлов — Мұзапаров, Қуандықов — Байниязов.
56 келі
Әлем чемпионы Қайрат Ералиев биылғы ел біріншілігіне қатысқан жоқ. Бірінші нөмірлі боксшының шаршы алаңға шықпағанын ақмолалық Нұрсұлтан Көшеғұлов оң пайдаланып, үздік төрттікке енді. Ал өткен жылы жүлдеге ілінгендердің үшеуі де биыл қатарын сетінетпей, жартылай финалға шықты (Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев, Нұржан Қалжанов).
Финал жолдамасына таласатындар: Сүлейменов — Көшеғұлов, Қыдырбаев — Қалжанов).
60 келі
Ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрген Берік Әбдірахманов, Зәкір Сафиуллин және Әділет Құрметов биылғы біріншіліктің жүлделеріне таласатын болды. Олардың қатарына Алматы облысының өкілі Ертуған Зейнуллинов қосылды. Былтырғы жартылай финалистердің біреуі (Серік Теміржанов) Шымкенттегі доданы ерте аяқтады. Теміржанов екінші айналымда оңтүстікқазақстандық С.Зауырбектен жеңілсе, Мейірболат Тойытов биылғы чемпионатқа қатысқан жоқ.
Жартылай финал: Зейнуллинов — Сафиуллин, Әбдірахманов — Құрметов.
64 келі
2016 жылғы Қазақстан чемпионы Бекдәулет Ибрагимов (Оңтүстік Қазақстан) биыл да табысты өнер көрсетіп келеді. Былтырғы қола жүлдегер Қуан Қуатов та (Павлодар) биыл жартылай финалда. Ал өткен жылы Павлодарда күміс жүлде тағынған Ділмұрат Межитов (Алматы) биыл екінші айналымнан аса алмаса, Мақсат Жексенби (Қарағанды) чемпионатта төбе көрсеткен жоқ. Демек, 2017 жылғы чемпионатта жаңа есім ретінде танылатындар — екеу (Сабыржан Бекбергенов пен Санатәлі Төлтаев).
Жартылай финалда кездесетіндер: Қуатов — Ибрагимов, Бекбергенов — Төлтаев.
69 келі
Биыл бұл салмақ дәрежесінің жеңімпазы мен жүлдегерлері түгел дерлік жаңарады. Өткен жылғы үздік төрттіктен (Абылайхан Жүсіпов, Қанағат Маралов, Илья Очкин, Алмасбек Әлібеков) Қанағат қана биыл жүлдегерлер қатарына ілінді. Абылайхан чемпионатқа қатысқан жоқ, Очкин биыл 75 келіде өнер көрсетті, ал Алмасбек 64 келіге төмендеп, ширек финалда сүрінді. Биыл «қазақтың алтын салмағының» жүлделеріне Мараловпен бірге Асланбек Шымбергенов (Жамбыл), Бекболат Құрамысов (Алматы облысы) және Рустам Шаймерденов (Қарағанды) таласады.
Жартылай финал жұптары: Шымбергенов — Құрамысов, Шаймерденов — Маралов
75 келі
Бұл салмақта да жаңа есім жеткілікті. Былтырғы чемпион Әбілхан Аманқұл (Жамбыл) әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, ел додасынан демалыс алды. Қола жүлдегер Тұрсынбай Құлахметов (Қызылорда) биыл оңтүстікқазақстандық Абай Төлешке есе жіберіп, жүлдеден қағылды. Манат Өмірзақов (Шығыс Қазақстан) осы чемпионатқа қатыспады. Өткен жылы күміс жүлде иеленген Ерік Әлжанов (Маңғыстау) әлем чемпионатына 81 келіде шаршы алаңға шығып еді, биыл қайтадан 75 келіге оралды. Ол сәтті өнер көрсетіп келеді. Әлжановпен бірге жартылай финалға Сапарбай Айдаров (Алматы), Владислав Столбовский (Қарағанды) және Абай Төлеш шығып отыр.
Жартылай финал жұптары: Айдаров — Әлжанов, Столбовский — Төлеш.
81 келі
Ең үлкен өзгеріске түскен салмақ дәрежесі — осы. Былтырғы ел чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (Алматы облысы) биыл жартылай финалға да шыға алмады. Ол ширек финалда қостанайлық Михаил Коханчиктен 0:5 есебімен жеңілді. Былтырғы күміс жүлдегер Нұрдәулет Жарманов (Ақмола) биыл ширек финалда Бекзат Нұрдәулетовке есе жіберді. Қола жүлдегер Шаймұрат Құсайынов (Павлодар) Шымкентте Бек Нұрмағамбеттен ұтылды. Ал тағы бір қола жүлдегер Вадим Казаков биыл төбе көрсеткен жоқ. Демек, Шымкентте 2016 жылғы мықтылардың ешқайсысы тұғырға көтеріле алмайды. Есесіне олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің (Маңғыстау), Б.Нұрмағамбеттің, Б.Нұрдәулетовтің және М.Коханчиктің өнерін жартылай финалда тамашалаймыз.
Жартылай финал: Ниязымбетов — Нұрмағамбет, Нұрдәулетов — Коханчик.
91 келі
Қазақстан чемпионы Антон Пинчук (Қостанай) биыл да жартылай финалға шықты. Онымен бірге жартылай финалда Абзал Құттыбеков (Оңтүстік Қазақстан), Нұрбол Алтаев (Атырау) өнер көрсетеді. Былтырғы финалист Серік Мұсаділов осы жарысқа қатыспады. Өткен жылғы қола жүлдегерлерден Мұхаметжан Еркін (Оңтүстік Қазақстан) биыл сол биігінен төмендеген жоқ, ал Арбек Әбдуғаниев биыл ширек финалда сүрінді.
Жартылай финалда кездесетіндер: Пинчук — Құттыбеков, Алтаев — Мұхаметжан.
+91 келі
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев биылғы жарыстан демалыс алды. Өткен жылғы ел чемпионы Олжас Бұқаев та (Павлодар), қола жүлдегер Нұржан Бекзатов та (Оңтүстік Қазақстан) биыл сапта. Олармен жүлдені Нұрболат Сермаханов (Астана) және Айболды Дәуренұлы (Маңғыстау) секілді мықтылар сарапқа салады.
Жартылай финал: Бұқаев — Сермаханов, Дәренұлы — Бекзатов.
Қорытынды: биыл жүлдеге Оңтүстік Қазақстан облысынан — 9 (2016 жылы — 10), Павлодар облысынан — 3 (6), Маңғыстау облысынан — 6 (3), Ақмола облысынан — 4 (3), Жамбыл облысынан — 2 (3), Алматы облысынан — 3 (2), Шығыс Қазақстан облысынан — 1 (2), Қарағанды облысынан — 2 (2), Қостанай облысынан — 2 (1), Ақтөбе облысынан — 1 (0), Атырау облысынан — 1 (0), Астана қаласынан — 3 (5), Алматы қаласынан 2 (1) боксшы жүлдегер қатарына енді. Өткен жылы ел чемпионатында 2 жүлде жеңіп алған Қызылорда облысынан осы жылы ешбір боксшы жартылай финалға шыға алған жоқ. Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері былтыр да, биыл да жүлдеден тыс қалды.
(Д.Майлыбаевтың фотосы)