Биыл даңқты «Джиро д’Италия» көпкүндігі 100-рет өтеді. 5 мамыр күні Сардиния аралынан бастау алып, 28 мамырда Миландағы жеке жарыспен мәреге жетеді.

«Астана» командасы бұл сынға Фабио Аруды капитан ретінде қосуға дайындалған-ды. Алайда жақында Испаниядағы жаттығу кезінде Ару құлап, аяғын жарақаттап алды. Артынша біраз уақыт емделу қажеттігі де анықталды. Милан қаласында Аруды профессор Комби арнайы қарап, тізе астындағы қалташаның қабынғанын анықтады. Бір қарағанда соншалық ауыр жарақат болмаса да, педаль басқанда бәрібір спортшыға ауыр тиеді. Сондықтан «астаналықтар» Арудың толық емделгені жөн деп шешті.

Ару – «Джиро д’Италия» суперкөпкүндігінің екі дүркін жүлдегері. 2014 жылы ол жалпы есепте – үшінші, 2015 жылы екінші болды. 2016 жылы Фабиоға «Тур де Франста» көшбасшылық сеніп тапсырылды. Соңғы екі тур алдында үздік жетілікте келе жатып, Ару бабын ұстап тұра алмады. Сөйтіп, 13-орынға сырғып кетті.

Енді «Джирода» «Астананың» көшбасшысы тәжірибелі Микеле Скарпони болмақ. 2011 жылы «Ләмпре» командасының құрамында Скарпони Италия суперкөпкүндігін күміс жүлдемен аяқтады. Кейін чемпион Альберто Контадор айыпталған соң, Скарпони «Джиро» жеңімпазы болып танылды. Ол 2014 жылдан бері «Астана» намысын қорғап келеді. Бірақ бірнеше көпкүндікке қатысса да, оған капитандық міндет тапсырылмаған болатын. Өткен жылы «Вуэльтаны» Скарпони 11-орынмен қорытындылады.

— Жарақат жоспарларымызға күтпеген өзгерістер енгізсе де, біз дайындығымызды қайта қарастырмаймыз. «Джиро д’Италия» жарысына қалыпты жағдайда дайындала береміз. Сондай-ақ «Тур де Франсқа» жатығуымызды да жалғастырамыз. Франция көпкүндігінде біздің капитанымыз Якоб Фульсанг болады, – деді «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуров.