Кеше Мадридтің «Реалы» «Севильяны» 3:2 есебімен ұтып, Еуропа Суперкубогын жеңіп алды. Ойынның 90+3 минутында король клубының орталық қорғаушысы Серхио Рамос есепті теңестіріп (2:2) қана қоймай, футбол тарихына да еніп үлгерді.
Серхио Рамос осылайша еурокубоктардың 3 финалында – Чемпиондар лигасының (2014, 2016), Еуропа Суперкубогының (2016) шешуші ойындарында гол соққан алғашқы қорғаушы атанып отыр. Рамос «Реал» өнер көрсеткен соңғы үш финалда да мергендік танытты. 2014 жылы ол клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Сан-Лоренсоның» (Аргентина) қақпасын 37 минутта дәл көздеп, есеп ашса, биылғы Чемпиондар лигасының финалында «Атлетико» (Мадрид) қақпасының құлпын ашты. Міне, енді «Севильяны» да қапы қалдырып, суперкубоктан айырып отыр.
Оған дейін «Реалдың» аңыздары — Рауль мен Альфредо ди Стефано ғана үш немесе одан да көп еурокубок финалдарында гол авторлары атанған болатын.
Жалпы, Серхио Рамос орталық қорғаушы болғанына қарамастан, өте мерген футболшы. Осы уақытқа дейін жоғары деңгейлі турнирлерде 72 гол соққан. Испания құрамасы сапында енгізген 10 голы бар.
Жұрт мақтаған жампоз орта мектепті… 28 жасында бітіріпті. 2004 жылы (18 жасында) «Севильямен» кәсіпқой келісімшарт жасасқасын, оқуды аяқтауға еш мүмкіндігі болмаған. Бірнеше жыл бойы ол бітіру емтихандарының тестін тапсырып келіп, 2014 жылы биология және экология пәндерінің емтиханын сәтті өткерді. Сосын ғана орта білімі туралы аттестаты бар түлек деп танылды. «Мектеп бітіргенше» Серхио Рамос бір рет – әлем чемпионы, екі рет – Еуропа чемпионы, 3 рет — Испания чемпионы, 1 рет – Чемпиондар лигасының жеңімпазы, 2 рет – Испания кубогының жеңімпазы, 2 рет — Испания Суперкубогының жеңімпазы, 1 рет клубтар арасындағы әлем чемпионы атанған.