Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АИБА) президенті Чин Куо Ву жақында қызметінен уақытша шеттетілді. 2018 жылдың қаңтарының 18-інде Дубайда (БАӘ) АИБА-ның кезектен тыс конгресі өтуге тиіс. Міне, осы жиында Вуға сенімсіздік білдіріліп, ұйымның 80-нан астам мүшесі қол қоюы мүмкін. Оған тағылып отырған басты кінә – федерация қаржысын талан-таражға салу. Шындығында, Ву мырзаның «тамағынан өтіп кеткен» қаржының мөлшері тым үлкен көрінеді.

Чин Куо Ву АИБА президенті болып 2006 жылы сайланды. Халықаралық қауымдастық пәкістандық Әнуар Чаудри басқарған кезде АИБА-ның жемқор ұйымға айналғанынан шаршап еді. Ву кедергінің бәрін серпіп тастап, әуесқой боксты жаңа кеңістікке бастайтындай белсенді. Шынында да оның әуелгі қадамдары жаман болған жоқ. Вудың кезінде олимпиялық ойындарда бұған дейін көзге көп түспеген Доминикан Республикасы, Моңғолия, Жапония, Бразилия сияқты елдердің боксшылары да топ жарды. Ву Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB), APB (AIBA Pro boxing) сияқты жартылай кәсіпқойлар жарысын өмірге әкелді. Кәсіпқойлар арасында 15 кездесу өткізбеген боксшылардың олимпиадаға қатысуына жол ашты, 32 жылдан кейін боксшылардың бас киімсіз жұдырықтасуына мүмкіндік берді.

Ву 2010 жылы Алматыдағы АИБА конгресінде ұйымның президенті болып қайта сайланды. Дегенмен соңғы кездері федерация ішінде бүлік басталғаны айқын еді. Соңғы жылдардағы олимпиялық ойындарда да, құрлықтық біріншіліктерде де Вудың «батасын алған» елдің өкілдері жарқырап көзге түсе бастады. Алысқа бармай-ақ қояйық, іргеміздегі өзбек боксшылары Рио олимпиадасында – 3, биыл Ташкентте өткен Азия чемпионатында 9 алтын медаль жеңіп алды. Бұрын-соңды өзбектер ондай табысқа жетіп көрген емес. Осы табыстың сыртында Вудың қолтаңбасы жатыр дейтіндер аз емес.

Шілде айында Ресей астанасы Мәскеу қаласында АИБА атқару комитетінің жиыны өтіп, Вудың өз еркімен отставкаға кетуі қажет екені күн тәртібіне қойылды. Бірақ 70 жастағы маман жылы орнын суытудан бас тартты. Оның жақтастары тіпті Швейцария сотына арызданды. Бірақ сот та Вуды жақтаған жоқ.

Дегенмен кетерінде Ву да тұяғын бір серпіп қалуды көздеген секілді. Ол 10 қазан күні даңқты боксшы, олимпиада чемпионы, аса ауыр салмақта кәсіпқойлар арасында бірнеше нұсқа бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Владимир Кличконы (Украина) АИБА вице-президенті етіп тағайындамақ болған. Одан кейін Кличко Украина әуесқой бокс қауымдастығының басшысы сайлауына қатысып, одан ары АИБА атқару комитетіне мүше болуға тиіс екен. Мұндай жағдайда Ву орнына кетсе, АИБА оның орнына Кличконы қоюды да жоспарлап қойған. Бірақ Чин Куо Ву 9 қазан күні шеттетілді де, жоспары іске аспай қалды.

Оның құйтырқы жоспары жазылған құжаттарды АИБА президентінің міндетін атқарушы Франко Фальчинелли мен әріптестері тауып алыпты.

Ву кетсе, оның бастамалары жалғаса ма? Бұл да – бас ауыртатын мәселе. Мысалы, WSB жобасы арқылы 2012 жылғы Лондон олимпиадасына – Қанат Әбутәліпов, 2016 жылғы Рио олимпиадасына Василий Левит жолдама ұтып алған еді. АРВ жобасының шапағатын көрген шеберлеріміз де аз емес. «Астана арландарының» Бүкіләлемдік бокс сериясында үш рет топ жарғаны да – қазақ боксының тарихына алтын әріппен жазылған табыс.