Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Рио олимпиадасында тамаша табыстарға жетті.
75 келіде күрескен Гүзел Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Ол финалда канадалық Эрика Уибеден 0:6 есебімен жеңілді.
Манюрова Лондонда қола жүлде иеленіп еді, бұл жолы бір саты жоғарылап отыр. Ол — 3 олимпиадаға қатысып, үшеуінде де олжалы болған балуан. 2004 жылы Манюрова Афина додасына Ресей атынан түсіп, күміс жүлде жеңіп алған болатын.
Ал Екатерина Ларионова (63 келі) әуелгі белдесуден беларусьтік Мария Мамашукке есе жіберген-ді. Мамашук финалға жолдама алған соң, Катя жұбаныш белдесулерін өткізуге мүмкіндік алды. Ол алдымен Хенна Йоханссонды (Швеция) таза түсірді, қола жүлде үшін белдесуде амеркалық Елена Пирожковадан 0:3 есебімен ұтылып жатып, оны да таза жеңіп кетті.
Риода Қазақстанның әйел балуандары өзіндік рекорд жасады. Бұған дейін Елена Шалыгина — Бейжіңде бір қола, Гүзел Манюрова Лондонда бір қола алса, бұл жолы біздің қыздар бір күміс (Манюрова), екі қола (Сыздықова мен Ларионова) жүлдемен елге оралатын болды.