Биылғы жұмбақ жүйрігіміз – Баландин!

Август 11th, 2016 | by Есей

Олимпиада

1

2016 жыл басталғанда Рио олимпиадасы өтетінін ескере отырып, «Рейтинг» газетіне (29.01.2016 ж.) «Бұл жолғы жұмбақ жүйрігіміз кім?» деп аталатын мақала жазып едік. Сонда әр олимпиада сайын Қазақстанға күтпеген бір алтын жүлде келетінін айта отырып, «биылғы жұмбақ жүйрік кім болар екен?» деп ой тастағанбыз. Мақала төменде.
***
Жалпы, спорт деген өнер статистиканы және заңдылықтарды сүйеді. Статистикадан келіп тарих және дәстүр түзіледі. Дәстүр заңдылықтарды туындатады. Биылғы Рио де Жанейро олимпиадасы алдында қазақ жанкүйерінің жүрегін жылытуға тиіс тамаша бір дәстүр немесе заңдылық жайлы ой қозғамақпыз.
Қазақстан дербес мемлекет ретінде өзі қатысқан олимпиадалардың бәрінде жұрт күтпеген бір жүйрігіміз алтын медаль жеңіп алды! Бұл – тамаша сый! Сөзімізді нақты дәлелмен сөйлейік.

1996 жыл. Атланта олимпиадасы. Бессайысшы Александр Парыгин ешкім ойламаған жерден олимпиада алтынын иеленді! Олимпиадаға дейін оны ешкім фавориттер қатарына қоспаған-ды. Бірақ спортшы өзін жабу астындағы жараудай жаратып, барын ішіне сақтап жүріпті. Атлантаға бір жыл қалғанда ол Италияда өткен әлем чемпионатында 10-орын алды. Александрдың айтуынша, осы жарыстан бастап өзіне деген сенімі күрт артқан. Атлантада ол соңғы бағдарламаға дейін, яғни 5 шақырымға жүгіру сынына дейін қалың топтың ортасында болды. Мәреге соңғы метрлер қалғанда ресейлік Эдуард Зеновка күтпеген жерден сүрінді де… Парыгин алға шықты. Сөйтіп, олимпиада алтынын жұлып алды! Парыгин Атланта додасында Қазақстан қоржынына Юрий Мельниченкодан кейінгі екінші алтынды салды. Осылайша, ол Қазақстанның олимпиадалардағы «алтын сыйлығының» алғашқысын жасады.

2000 жыл. Сидней олимпиадасы. Бұл қазақ боксы салтанат құрған тамаша дода болды. Финалға 4 боксшымыз шықса да, олардың ішінде 20 жастағы Бекзат Саттархановтың мүмкіндігі аса жоғары бағалана қойған жоқ. Бекзаттың финалға шығуының өзі үлкен жаңалық ретінде таралып жатты. Ол Овидиу Тибериуді (Румыния), Джефри Матебуланы (ОАР), Рамазан Палианиді (Түркия), Тахар Тамсаманиді (Марокко) жолда қалдырып, финалда америкалық Рикардо «Рокки» Хуареспен жолықты. ІІІ раундқа дейін мейлінше көп соққы жұмсап, есеп айырмасын көбейтіп алған соң, Бекзат шешуші раундта Хуарестің дұрыстап ұруына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп – 22:14. Сөйтіп, 20 жасында олимпиада чемпионы атанған ұл қазақ боксшыларының олимпиада жылнамаларындағы алтын парағын ашып берді. Өкінішке қарай, 2000 жылдың 31 желтоқсанында Бекзат Саттарханов жол апатынан қайтыс болды. Қазақтың олимпиададағы 20 жылдық арманын жүзеге асырған оғлан Түркістаннан Сиднейге «қалайда олимпиада алтынын аламын» деп сеніммен аттаныпты…

2004 жыл. Афина олимпиадасы. 16 күндік олимпиада соңғы күнін өткеріп жатқан кезде 69 келі салмақ дәрежесінде тараздық Бақтияр Артаев Қазақстанға жалғыз олимпиада алтынын әкелді. Жалғыз алтын болса да, дәл Бақтиярдың оза шабатынын Афина додасы алдында ешкім де жоспарламаған болатын. Өйткені, Артаевтың олимпиадаға жол ашуы да өте қиын болды. Ол алғашқы іріктеу сынында жеңіліп қалды. Екінші іріктеу сынына Қазақстан атынан Азамат Мақажанов қатысып, ол да жүлдесіз қайтты. Пәкістанда өткен шешуші іріктеу сынының финалында Бақтияр жергілікті боксшыдан ірі есеппен ұтылып жатты, дәлірек айтсақ, оны «ұтылдырып» жатты. Мұны қазақ оғланы жақсы түсінді. Ол төртінші раундта қарсыласын жақтың астынан қатты соғып, ұрып жықты. Сол кездегі АИБА президенті, тегі пәкістандық Әнуар Чаудридің өзі орнынан көтеріліп, қазақ боксшысының жеңісін күмәнсіз мойындады. Афинада Артаев Вилли Танкюді (Камерун) айналып өтті, ол салмағын сақтамағандықтан сынға жіберілмеді. Одан әрі Виктор Поляковты (Украина) айқын басымдықпен ұтқан соң, Бақтиярға екі дүркін олимпиада чемпионы Олег Саитов (Ресей) тап келді. Артаев оны өте әдемі жеңді. Ал финалда кубалық Суареске еш мүмкіндік берген жоқ. Қазақ ұлы төрт раунд тынбай төпелеп, өз жеңісін күмәнсіз әйгіледі. Сөйтіп, қазақ боксшыларының олимпиадалардағы табысты жолын жалғастырды.

2008 жыл. Бейжің олимпиадасы. Боксшы Бақыт Сәрсекбаев олимпиаданың соңғы күніне Қазақстанға екінші алтын сыйлады. Бақыттың да спорттағы жолы өте қиын болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ол Өзбекстанда өсіп, сол елдің атынан жарыстарға қатысып, екі дүркін Азия чемпионы атанған да еді. Алайда Бақыт өзбек елінде жүре берсе, өзінің олимпиада биігіне шығуы мүкін емес екенін жақсы түсінді. Елге оралған соң, Қазақстан құрамасы сапынан орын да оған бірден бұйыра қойған жоқ. Бейжің сынында ол Адам Трупишті (Канада), Виталий Грушакты (Молдова) 20:1, 18:1 есептерімен жеңіп, ширек финалда байырғы қарсыласы Ділшод Махмұдовты (Өзбекстан) қапы қалдырды. Жартылай финалда – Ким Чон Жу (Оңтүстік Корея), ал финалда Карлос Бантера (Куба) қазақ боксшысының мықтылығын мойындады. Бақыт Сәрсекбаев осылайша олимпиада биігіне жол ашып, тілеулестері мен жанкүйерлерін бақытқа бөледі.

2012 жыл. Лондон олимпиадасы. Бұған дейінгі 4 олимпиаданың алғашқы күндерінде Қазақстан алтын жүлде алып көрмеген-ді. Сол сеңді 38 жастағы Александр Винокуров бұзды. Ол веложарыстың тас жолдағы сынында оза шапты. Мәреге санаулы метрлер қалғанда Александр колумбиялық Ригоберто Уран Уранның тасасынан шыға келіп, сызыққа қос қолын көтере атойлап жетті. Шынын айтқанда, Александрдың бұл алтыны қазақ жанкүйерлеріне, жалпы велоәлемге жасалған үлкен сый болды. Өйткені, осы сында британиялық Бредли Уиггинс пен Марк Кавендиштің бірінің дара шығуы күтілген-ді. Оның үстіне, Лондон жолы да солардың ыңғайына сай жасалды, тіпті олимпиадаға қатысушылардың алдын ала сонда дайындық жасауына да мүмкіндік берілген жоқ. Барлық кедергіге қарамастан, пелотоннан жарыс ортасында қара үзіп кеткен Винокуров пен Уран Уран ешкімге жеткізбей, алтынды сарапқа салды. Лондон додасынан бір жыл бұрын «Тур де Франста» қатты құлап, аяғын сындырып алған Александр тіпті спорттан кететінін де мәлімдеген-ді. Дегенмен бәрі сәтімен аяқталып, Винокуров спорттық ғұмырын тамаша жеңіспен тұжырды.
Міне, көрдіңіздер ме, бұған дейінгі әрбір олимпиада қазақ жанкүйерлеріне осындай керемет сый ұсынды. Ал алдағы Рио олимпиадасында кімнің, қандай «жұмбақ жүйрігіміздің» жұлдызы жарқырап жанар екен? Әрқайсымыз өз ойымызда бір-бір мықтыны айдарлап жүргеніміз күмәнсіз. Бірақ жорамалымызды жақсы жағына өзгертіп, тағы бір отандасымыз Олимп биігінен қол бұлғап тұрса, бізден бақытты ешкім болмас, сірә… Түрлі дағдарыстар мен қиындықтарға қарамастан-ақ…
***
Мақаланың ұзын-ырғасы осы. Ниет ақ, тілеу шексіз.
Дмитрий Баландин Риода 200 метрге брасс әдісімен жүзу бағдарламасында топ жарып, биылғы басты сенсациямыз болды! Шынын айтқанда, бұл жігіттің финалға соңғы нәтижемен тіркелгеніне қарап отырып, «үздік бестікке енсе де жаман болмас еді» деп топшыладық. Оның алтынға таласуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қорқынышты болатын. Жартылай финалда жапон жүзгіші Ватанабе олимпиада рекордын жаңартқан соң, алматылық брассшыға еш несібе бұйырмайтындай қарағанымызға қазір ептеп ұялып отырмыз.
Жарайсың, Дмитрий!
Олимпиада аяқталуына әлі оншақты күн бар. Тағы бір жабу астындағы жарауымыздың маңдайы жарқырап жатса, еш қарсы болмас едік.

One Comment

  1. Берік says:

    Бұйырсын!