Америкалық жүзгіш Майкл Фелпс Рио олимпиадасында адам сенгісіз рекордтарын тағы жаңартып жатыр. Кеше және бүгін ол 200 метрге көбелек (баттерфляй) әдісімен жүзу бағдарламасында және еркін стильмен 4х200 метрлік эстафетада дара шығып, өзінің олимпиадалардағы 20 және 21 алтын жүлделерін жеңіп алды.
Фелпс жеке жарыстарда жеңіске жеткен ең «қарт» олимпиада чемпионы атанып отыр. Ол 31 жас, 40 күн дегенде олимпиада алтынын жеңіп алды.
200 м, көбелек
1. Майкл Фелпс (АҚШ) – 1.53,36
2. Масато Сакаи (Жапония) – 1.53,40
3. Тамаш Кендереши (Венгрия) – 1.53,62

4х200 м, еркін стиль (малту)
1. АҚШ (Конор Дуайер, Фрэнсис Хаас, Райан Лохте, Майкл Фелпс) – 7.00,66
2. Ұлыбритания – 7.03,13
3. Жапония – 7.03,50

Осымен Фелпс Рио олимпиадасының үшінші алтынын жеңіп алып отыр. 2004 жылдан бері оның олимпиадаларда иеленген медальдар саны 25-ке (21 алтын, 2 күміс, 2 қола) жетті.
Егер Қазақстан азаматы болса, Афина олимпиадасынан бері Майкл Фелпс миллионер атанып, 5700000 доллар сыйақы иеленгендей екен. Бірақ АҚШ олимпиада чемпиондарына 25 мың доллар ғана береді. Сонда оның мемлекеттен алған сыйақысы 525 мың доллар шамасында.