Мәңгілік жеңіс

Август 5th, 2016 | by Есей

Бокс

2

Уақыт зымырап өтіп барады. Осыдан бір жыл бұрын төрткүл дүние көзін Сиднейге тігіп, ғасыр аламанының дүбірін сәт сайын аңдып отырған болатын. Қазақстан халқы сол Сидней олимпиадасының алғашқы күндеріндегі күтпеген сәтсіздікке қынжылып, Атланта биігін армандай бастаған сәтте, желаяқ қыз Ольга, велошабандоз Александр, боксшы Ермахан бастаған саңлақтар жеңіс биігіне атойлады. Осы жүйріктердің ізін ала ерен шабысынан танбай, күн ілгерілеген сайын тынысы ашылған жүйріктей тағы бір ұл қазақ атын аспандатын келе жатты. Ол Бекзат Саттарханов еді.

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, артына өшпес із тастаған Бекзат-батырды елі қатты жақсы көріп қалыпты. Редакциямызға Бекзат жайлы, оның Сиднейдегі жеңісі жайлы жазуымызды  өтініп келіп жатқан хаттарда есеп жоқ. Тіпті қаһарман ұлға арналған жүрекжарды жырлар қаншама. Оқырмандар тілегін ескере отырып, арада жыл өткен соң, біз Бекзат Сейілханұлының олимпиада барысындағы жеңістеріне қайыра бір айналып соқпақпыз…

Бекзат Саттарханов Сидней Олимпиадасына жолдаманы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде жеңіп алды. Бұған дейін Саттарханов есімі бокс айналасындағы аз ғана топқа мәлім болатын, сондықтан да Сиднейге аттанып кеткенде, Қазақстан қоржынын қампайтатындардың қатарында Бекзаттың ауызға көп алына қоймағаны да рас. Әлде осы жағдайды көре жүріп, іштей бекінді ме екен, әлде өз мүмкіндігіне сенді ме екен, дегенмен Бекзатттың қайратына мінуіне  мына бір жай да әсер еткен болуы мүмкін. Олимпиада алдында республикалық «Sport & KS» газеті оқырмандар арасында анкета жүргізді. Бірді-екілі оқырман  болмаса, көпшілігі Саттархановты болашақ жүлдегерлер қатарына қосқан жоқ. Кейін олимпиада жеңімпазы болып оралғанда Бекзаттың бір айтқаны бар: «Газет оқырмандарының жорамалы бойынша, мен бір-екі рет қана қола жүлдегер ретінде аталыппын. Осыны оқығаннан кейін, өзімнің құры қолғап арқалап бара жатпағанымды дәлелдегім келді». Иә, елден аттанғанда-ақ ол ерлікке бекінген екен.

Сонымен, олимпиада. Алғашқы күндері Қазақстан спортшыларының қолы жүрмеді. Триатлоншы Гааг, зілтемірші Филимонов жүлдегерлер ауылына бір мысқал жетпей, төртінші орында қалды. Бұл уақта күнделікті іріктеу сындарынан шашасына шаң жұқтырмай  келе жатқан тек қазақ боксшылар құрамасы еді.

Бекзаттың алғашқы қарсыласы румыниялық Овидий Тиберу болды. Овидий талай дода көріп, үкісі желбіреп оза шауып жүрген саңлақ-ты, 1997  және 1999 жылғы әлем біріншіліктерінде екі рет қола жүлдегер атанған. Жеребе бойынша, оның олимпиада шаршы алаңындағы бірінші кездесуіне аты ешкімге белгісіз қазақ боксшысы тап келгенін білгенде, румын құрамасының басшылары қуаныштарын жасыра алмаған. «Тиберу үшін ең бір қиын кездесу – ширек финалда. Оған дейін ешқандай проблема болмауы тиіс» деп жатты олар. Есептей келгенде, ширек финалда түрік боксшысы Палианидің кездесетіні шынында да күмән тудырмайтын. Бекзат Тиберудің тас-талқанын шығарды. 14:5, әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері  қазақ боксшысына қайрат көрсете алмады, сөйтіп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Атақты қарсыласын қапыда қалдырған Бекзат үшін екінші жекпе-жек онша қиын бола қоймағаны рас.  Оңтүстік Африка Республикасынан келген Джеффри Матебула да Бекзатқа жол босатты  – 5:16.

Қазақ боксшысының тау құлатқандай екпіні келесі кездесуде қатты сыналды. Түрік боксшыларының ішінде ширек финалға жалғыз өзі жеткен Рамазан Палианиге осы жолы еш ұтылуға болмайтын еді. Бүтін бір мемлекеттің жалғыз үміті… Түбі грузин Палиани КСРО құлағаннан кейін түрік ағайындардың атынан сынға түсетін болған. Оның да атағы бір атанға жүк болардай еді. Жекпе-жек басталмай жатып-ақ, Бекзат кедергіге кезікті. Рингтегі төреші Бекзаттың спорттық жейдесін қабылдамады, «алаңға жарыс талабына сәйкес қызыл жейде киіп шығуы тиіс» дегенінен танбады. Қазақстан құрамасының боксшылары ұсынған жейдеде жарнамалық жазу бар болып шықты, бұл да жарыс талабына сай емес тұғын. «Жарнама жазуының үстіне скотч жапсырып тастаймыз» дегенге төреші көнер болмады. Абырой болғанда, аға бапкер Апачинскийдің сөмкесінен ешқандай жазуы жоқ, қызыл түсті жейде табылды. Бұл жейде Бекзатқа кең болып шықты, артқы жағынан түйіп, қысқартуға тура келді.  Шынын айтқанда, боксшының жекпе-жекке тастүйін шығуы үшін мұндай ұсақ-түйектердің кедергі келтіретіні анық.  Ә дегенде соққыны Палиани жасады. Бірақ бірінші минут аяқталмастан-ақ Бекзат қарсыласымен тең дәрежеде жұдырықтаса бастады, бірінші раунд 4:3 есебімен қазақ ұланының пайдасына шешілді. Екінші раунд – 7:5. Үшінші кезеңде Рамазан барын салды, тіпті есепті теңестіріп үлгерді – 9:9. Бәрі соңғы раундта шешілетін болды. Соңғы раундтың соңғы минутында да екі боксшы бірін-бірі ала алмай жатқан. Бұл Бекзат үшін аса қауіпті нәтиже еді. Жекпе-жек тең аяқталған жағдайда, қапталдағы төрешілер таразы басын Палиани жағына аудара салатыны күмәнсіз еді, өйткені, төрешілер үшін жартылай финалға ешкімге белгісіз сарыауыз балапан өткеннен гөрі, Палианидің шыққаны анағұрлым тиімді болатын. Сағат тілі кездесудің соңғы 15  секундын санап жатқанда, Бекзат қарсыласына орындалуы жағынан мүлтіксіз, аса қатты соққы жұмсады. Палианидің шлемі басынан ұшып кете жаздады, тісін қорғауға арналған капа аузынан шығып барып түзелді. Төрешілердің қазақ боксшысының есебіне тағы бір ұпайды жазудан басқа амалы қалмаған. Есеп 12:11, Бекзат жартылай финалға шықты! Бұл «ең кемі қола медаль қалтада» деген сөз еді. Әлем боксында өзіндік орны бар Палианиден бағын асырған қазақ боксшысы жайлы бокс мамандары осы кездесуден кейін ғана ауыздарының суы құрып айта бастады.

Палианиді жеңіп, аса ауыр психологиялық кедергіні артта қалдырған Бекзат жартылай финалда марокколық Таһир Тамсаманиді билеп жүріп ұтты  – 22:10.

Финал. Ақтық сында Бекзатты америкалық бокс вундеркинді, 1999 жылғы әлем чемпионы  Рикардо «Рокки» Хуарес күтіп тұрды. «Басқа басқа, бұған дейінгі қарсыластарын қанша жапырып ұтып келсе де, Саттарханов Хуареске қарсылас болып жарытпас» деді білгіштер. «Рокки» ширек финалда Атланта олимпиадасының чемпионы, тайландтық Сомлук Камсингті айқын басымдықпен жеңген болатын. Бұл кезде төрт бірдей қазақ боксшысы финалға шыққан Қазақстан құрамасының да байрағы желбіреп тұрған еді. Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков…

Бекзат рингке Болат ұтылып қалған соң дереу шығатын болды. Ақтық сын алдында командалас досы, ақылшы ағасы, кумирі Ермахан Ыбырайымовтың жейдесін арнайы сұрап алды. Талай аламанда қазақ туын желбірете ұстап жүрген ағасының жолын берсін деді ме екен, қайтсе де оң ниетпен алғаны анық. Бұл жейде де Бекзатқа кең еді, оның да арты түйілді, қысқартылды.

Жекпе-жек алдында Хуарестің олимпиададағы барлық «төбелесін» таспадан зер салып қараған бапкерлер мынадай қорытындыға келді: Хуарес алғашқы екі раундта «бос» жүреді, яғни, қарсыласын әбден зерттейді. Үшінші раундта ол барын салады, тіпті соққыны төпелейді. «Роккидің» тынысы соңғы раундта ашылады, ол алдымен қарсыласын шаршатып алады, сосын іске кіріседі. Осыны байқаған бапкерлер «Бекзат алғашқы екі раундта ұпай жинау керек» деп шешті.

Жекпе-жек басталар алдында Хуарестің өзіне тым сенімділігі көзге ұрды. «Жабуының» астынан қолын ерсілі-қарсылы сермеп, ауаны сабалап келе жатқан періге қараудың өзі қорқынышты еді. Енді ол көрермендерге «концерт» қоя бастады:  отыра қалып, қолын көкке жайып, сыйынған ыңғай білдірді ме-ау, Бекзат отырған бұрышқа қарап, бас бармағын төмен қаратты ма-ау… Осының бәрі қарсыластың жүйкесіне ойнау, яғни, қорқыту әрекеттері екені белгілі еді.

Басталды. Бастала салып, Рикардо қарсыласын қорқытқысы келгендей, соққысын дәл бағыттап бір ұпай алды.  Бұдан әрі Бекзат «сөз алды», қорғана жүріп, ол ұпай санын беске жеткізді. Бірінші кезең – 5:2, Бекзат алда. Екінші раундта Бекзат шырқады  – 15:4. Үшінші раундта Бекзат кенет Хуареспен қоян-қолтық төбелеске кетті, бұл америкалық боксшының «іздегеніне сұраған» еді, алайда Бекзат тез түзелді. Енді оның қорғанысы күшейді. Аса тартысты кездесудің соңын білдіріп, гонг қағылғанда, есеп 22:14 еді…

Әншейін баяндай салғанға Бекзат жеңіске оңай жеткендей көрінуі мүмкін. Алайда осы финалда Бекзаттың тағы бір  қарсыласы болғанын ұмытпағанымыз жөн. Ол ресейлік төреші Станислав Кирсанов еді. Кирсанов 1999  жылғы әлем біріншілігінде – Мұхтарханды, осы Сидней олимпиадасының ширек финалында Данияр Мұңайтпасовты қарсыластарына «жығып» берген болатын.  Сондықтан та тырнақ астынан кір іздейтін төреші төрелік етерде, Бекзат «екі шоқып, бір қарауға» тиіс еді. Дегенмен Кирсанов өз дегенін істемей тынбады. Үшінші және төртінші кезеңдерде ол көпе-көрнеу Бекзатты кінәлай бастады, тіпті «қарсыласыңның қолын қыстың» деп екі рет ескерту де берді. Кирсанов үшін бұл жерде өз елінің мүддесі бірінші орында тұрғаны анық, егер қазақ боксшысы алтын алатын болса, жалпыкомандалық есепте  бокс спорты бойынша Қазақстан құрамасы Ресейдің алдына шығып кетуі мүмкін еді.

Жекпе-жек аяқталған соң, Америка жағы аппеляция жасады. «Рингтегі төреші қазақстандық бапкерлермен жарыс үстінде сөйлесті, бұл жарыс талабына қайшы. Сондай-ақ, ол Саттарханов тарапынан болған ережеге қайшы тәсілдерді тоқтатқан жоқ» делінді онда. Біздің бапкерлердің жекпе-жек кезінде Кирсановпен «сөйлескені» рас-ты. Бекзатты аяқтан шалып жатқан төрешінің әрекетін көріп тұрып, оны орыстың «әдемі» сөздерімен «қолпаштамау» мүмкін емес-ті, өз кезегінде Кирсанов та қызыл тіліне ерік берген. Аппеляциялық комитет Кирсановты айыптап, төрт жыл бойы шаршы алаңда төрешілік жасау құқынан айырды. Ал Саттарханов пен Хуарес кездесуінің нәтижесін күшінде қалдырды. Шындығында, төртінші раундта өзі де білікті боксшы істемеуге тиіс арам тәсілдерге барған Хуарестің бұл әрекеті «суға кеткен тал қармайдының» кері еді.

Бұл Бекзаттың біз көрген, әлем куә болған соңғы жекпе-жегі еді. «Әлі екі олимпиаданы ұтамын» деген жалынды жастың ғұмыры кенет үзілді. Теледидардан көз алмай отырған, кейін ұлттық арналардан талай көріп, мәре-сәре болған көрермен біледі: төртінші раундтың соңғы секундтарында Бекзат қарсыласының барлық шабуылын тоқтатып жүрді де, гонг соғылғанда екі қолын бірден тастап жіберді. Айға созылған  аламанның ақырғы күнінде атойлап жеңген ұланның жеңіс құдіретін енді сезінген сәт еді бұл… Тағдыр сол жұдырықтардың кеуде тұсқа қайта көтеріліп, қалауынша жарқылдауына қайыра мүмкіндік бермеді.

Ол бокс қолғабын алғаш кигеннен бастап, олимпиада биігіне дейін бес жыл жүрді. Өте аз уақыт. Алайда ол еңсесі енді түзелген жасампаз халқының намысына жеңіс дәнін сеуіп кетті, көктейтіндей етіп, мәуелейтіндей етіп сеуіп кетті. Жиырма жыл күткен жеңісті жиырма жастағы азамат сыйлады. Сөйтті де, өзі ХХ ғасырдың соңғы бетінің алтын жазуы болып  мәңгілікке қала берді.

(«Жас Алаш», 18.09.2001 жыл)

2 Comments

  1. Алма says:

    Барлығы қайтадан көз алдыманан өткендей болды ғой… Олимпиада төрінде тәуелсіз Қазақ елінің қоржынына салынған алғашқы алтын иесі Бекзаттай бегзат ұлын туған халқы ешқашан ұмытпайды.

  2. Балықшы қыз says:

    Жиырма жыл күткен жеңісті жиырма жасар азамат сыйлады!!! Бекзатқа арнап тұрғызылған сөз мұнараларының ең ыстық та аяулысы екен… Азаматтарымыз аман болсыншы.