Халықаралық күрес федерациясы (UWW) грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының 60 келі салмақ дәрежесіндегі күміс медалін отандасымыз Нұрбақыт Теңізбаевқа беру жөнінде шешім қабылдады. Бұл салмақта вице-чемпион атағы әзербайжан Виталий Рагимовке тиесілі болатын. Рагимов Бейжің додасының жартылай финалында Теңізбаевты ұтып, финалда ресейлік Исламбек Әлбиевтен жеңілген еді.

Жақында ХОК Халықаралық антидопинг агенттігінің мәліметтеріне сүйене отырып, Бейжіңде өнер көрсеткен 16 спортшының нәтижесін жоққа шығарды. Солардың ішінде Рагимов те бар. Алайда Нұрбақыт Теңізбаев өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында бұл жүлденің әзербайжан балуанына тиесілі екенін, оның артында көп адамның еңбегі жатқанын жазып еді. Нұрбақыттың толық пікірі мынадай:

— Бейжің олимпиадасы мен үшін спорттық карьерамның шыңы болды. Әрбір спортшы олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын, оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні мені əзербайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын. Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның отбасына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын.

 Дегенмен ХОК пен Халықаралық күрес федерациясы мұндай ұстанымға назар аудармайтыны да анық. Олар балуанның допинг қолданғанын ресми растады. Спорттық талап бойынша, Рагимов жартылай финалда Теңізбаевтан басым түсті, ендеше, күміс жүлде Нұрбақыттікі болуға тиіс. UWW біздің еліміздің күрес федерациясын ресми шешімінен хабардар етті.

Жалпы, айыпқа жығылған 16 спортшының ішінде бесеуі — балуан. Олардың нәтижесі жоққа шығарылған соң, Бейжің олимпиадасындағы көрсеткіштер мынадай сипат алатын болды:

Еркін күрес
74 келі

1. Бувайсар Сайтиев (Ресей)
2. Мұрад Гайдаров (Беларусь)
3. Кирил Терзиев (Болгария)
3. Стефан Георгице (Румыния)
Бұл салмақта Сослан Тигиев (Өзбекстан) күміс медальдан айырылды. Ол жартылай финалда М.Гайдаровты ұтқан болатын. Қола жүлде С.Георгицеге бұйырады. Ол жұбаныш белдесуінде Гайдаровқа есе жіберген еді.

96 келі
1. Ширвани Мурадов (Россия)
2. Георгий Гогшелидзе (Грузия)
3. Хетаг Гозюмов (Әзербайжан)
3. Мишель Батиста (Куба)
Таймураз Тигиев (Қазақстан) күміс медальдан айырылды. Ол жартылай финалда Г.Гогшелидзені 3:2 есебімен жеңген еді. Ал жұбаныш белдесуінде Гогшелидзеден 0:5 есебімен ұтылған М.Батиста енді қола жүлде алады.

Грек-рим күресі
60 келі
1. Исламбек Әлбиев (Ресей)
2. Нұрбақыт Теңізбаев (Қазақстан)
3. Руслан Тименбаев (Қырғызстан)
3. Жаң Шең (Қытай)
Виталий Рагимов (Әзербайжан) күмістен қағылды. Енді қола жүлденің бірі қытай балуаны Жаң Шеңге ауысады.

96 келі
1. Асланбек Хуштов (Ресей)
2. Мирко Инглиш (Германия)
3. Свеч Марек (Чехия)
3. Адам Виллер (АҚШ)
Отандасымыз Әсет Мәмбетов қола жүлдесіз қалды. Әсеттен жұбаныш белдесуде жеңілген Марек Свеч (1:7) сол медальдың жаңа иесі атанды.

120 келі
1. Михан Лопес (Куба)
2. Миндаугас Мизгаитис (Литва)
3. Юрий Патрикеев (Армения)
3. Янник Степаник (Франция)
Хасан Бароев (Ресей) күмістен қағылды. Оның медалі енді Мизгаитиске тиесілі. Мизгаитис жұбаныш белдесуінде Я.Степаникті 11:4 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Степаник — енді қола жүлдегер.