Дзюдошы Максим Раков (100 келі) Рио олимпиадасының алғашқы іріктеу кезеңінде Григорий Минашкинді жеңгенімен, 1/8 финалында чех балуаны Лукаш Крпалектен ұтылып, жарысты ерте аяқтады.
Боксшы Қайрат Ералиев (56 келі) 1/16 финалда əзербайжан Жавид Чалабиевті 2:1 есебімен тізе бүктірді. Қарсыласының жұдырықтасу үлгісі өте ыңғайсыз болғанына қарамастан, Қайрат күтіп алып соққы жасап, қоян-қолтық айқаста бейберекет бұрқыраған соққылардан тез жалтарып, соңғы раундта қорғанысқа мəн бере ойнап, жеңіске жетті. Төрешілер 29:28, 29:28, 28:29 деп бағалап, қазақ боксшысының жеңісін хаттады. Ералиевтің 1/8 финалдағы қарсыласы — Мұратжан Ахмадалиев (Өзбекстан). Бұл жекпе-жек дүйсенбіде өтеді.
Абылайхан Жүсіпов (64 келі) іріктеу кезеңінде ұлыбританиялық Пэт Маккормакқа 1:2 есебімен есе жіберді. Маккормак ə дегеннен кездесу тізгінін өз қолында ұстады. Абылайхан еш ашыла алмады, сол қолдың соққыларын мүлде іске қосқан жоқ. Қысқаша айтқанда, Жүсіпов жеңіске еңбек сіңірді дей алмаймыз.
Əбдірахманов, Жақыпов… Міне, Риодан ерте қайтқан боксшылар тізіміне Жүсіпов те қосылып отыр.
Ұлыбритания-Қазақстан текетіресі Джош Келли мен Данияр Елеусінов (69 келі) арасында жалғасты. Бұл жекпе-жекте Данияр барлық жағынан басым болды. 3:0 (30:27, 30:27, 30:27) — Елеусінов ширек финалда венесуэлалық Габриель Маестремен қолғап түйістіреді. Бұл кездесу 14 тамызда 03:30-да өтеді.
81 келіде Əділбек Ниязымбетов беларусь Михаил Доголовецтен 3:0 (30:27, 30:27, 29:28) есебімен басым түсті. Ширек финалда Əділбек əзербайжан Теймур Маммадовпен кездесетін болды.